Президент: Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын мемлекет ретінде танытты

848

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресейдің Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын мемлекет ретінде танытты

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты нығайтудың, перспективалары талқыланды. Сонымен қатар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа, еуразиялық интеграцияға және екі елдің коронавирус пандемиясына қарсы күрестегі бірлескен күш-жігеріне қатысты өзекті мәселелер сөз болды.

Мемлекет басшысы Федерация кеңесінің делегациясына ілтипат білдіріп, Валентина Матвиенконың елдеріміз арасындағы екіжақты қатынастарды дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің  төрағасы қызметіндегі жемісті еңбегіне тоқталды.

Президент заң шығарушы органдардың Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстарын жақындатудағы рөлін ерекше атап өтті.

– Парламенттік дипломатия мемлекетаралық ынтымақтастықты дамытуда үлкен рөл атқарады деп санаймын. Бұл әсіресе, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы ықпалдастыққа қатысты. Біз үшін достық, одақтастық байланыстар негізгі басымдыққа ие, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Федерация кеңесінің төрағасына елімізде іске асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтты.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің халықаралық аренадағы орнын нығайту ісіндегі Владимир Путиннің саяси бағытының маңызды рөлін атап өтті.

– Владимир Путиннің мықты әрі беделді басшылығымен Ресей Федерациясы халықаралық аренада өзін әлем елдері санасатын және онсыз бірде-бір маңызды халықаралық проблема шешілмейтін мемлекет ретінде танытты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Валентина Матвиенко Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Сапар алдында Владимир Путинмен сөйлестім. Ол Сізге жүрекжарды сәлемін жолдады. Сондай-ақ Сіздердің сенімді әрі шынайы қарым-қатынастарыңызды жоғары бағалайтынын айтты. Қол жеткізілген барлық уағдаластықтардың жүзеге асырылатынын нақтылады, – деді Федерация кеңесінің төрағасы.

Бұдан бөлек Валентина Матвиенко елордамыздан алған әсерімен бөлісті.

– Кезінде Владимир Путин Нұр-Сұлтан қаласын қазіргі заманның ғажайыбы деген еді. Шын мәнінде, қала көз алдымызда көркейіп келеді. 6 шілдеде қала күнін атап өтетіндеріңізді білемін. Сізді және Нұр-Сұлтан қаласының барша тұрғынын келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын, – деді Валентина Матвиенко.

Сонымен қатар Валентина Матвиенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа Парламент Сенатында және Мәжілісте өткен келіссөздердің қорытындылары туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік әріптесі Владимир Путинге шынайы ілтипатын білдіріп, ыстық сәлемін жолдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу