"7 қазанда Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 54 және 55-баптарына, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевтың "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" Республикалық қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды", – делінген ОСК таратқан хабарламада.
1. "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия" Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
2. Н.С. Әуесбаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмелері.