Саран қаласы күннің суытуына дайын болмай шықты

245

 Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек. 

Саран қаласы күннің суытуына дайын болмай шықты Фото: SK News

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында елдегі жылыту маусымына дайындық туралы сөз қозғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жылыту маусымын мінсіз өткізу – өзекті мәселелердің бірі. Бұл менің ерекше бақылауымда. Саран қаласы күннің суытуына дайын болмай шықты. Мұндағы үйлер жақында ғана жылу жүйесіне қосылған еді. Кемшілікке жол берген жауапты тұлғалар тиісті жазасын алды. Бұл барлық әкімге сабақ болуы керек. Жылыту маусымына дайын болмау басшылардың өз қызметіне сай келмейтінін көрсетеді.

Дегенмен биыл ел аумағында энергия көздері мен жылумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қоймалардағы отын қоры жеткілікті. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Жағдайды ұдайы бақылауда ұстау керек.

Мемлекеттік басқару жүйесінің алдында қазір нақты міндеттер мен едәуір сын-қатер тұр. Оқыс оқиғаларға дер кезінде үн қату, жағдайды ушықтырмау, дәл болжам жасау, қоғамның талап-тілегіне құлақ асу маңызды", – деді Президент.

Барлық мемлекеттік орган, коммуналдық және басқа да қызметтер үйлесімді әрекет етуі керек, деді Мемлекет басшысы.

"Алайда, күнделікті шаруамен айналысып жүріп, стратегиялық мақсаттарды ұмыт қалдырмау қажет. Алға қарай ұмтылып, кең ауқымды перспективаны бағыт еткеніміз жөн. Проблеманың уақытша шешімін іздемей, оның түпкі себептерін жоюымыз қажет.

Жолдауда бюджет қаржысын тиімді пайдалануға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырғанымды білесіздер. Әлбетте, бюджет саясатында прагматизм қағидаты басты орында болуы керек. Бірақ әлеуметтік шығындардан, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысынан, зейнетақы мен жәрдемақыдан үнемдеуге болмайды. Бұл – менің берік ұстанымым. 

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі басым міндетті ұдайы назарда ұстаған дұрыс. Зейнетақы жүйесінің әлеуетін арттырудың, оны жетілдірудің тәсілдерін табу керек. Дені сау, қажыр-қайраты мол зейнеткерлердің ел дамуына қосып жүрген үлесін ынталандыру маңызды. 

Орташа өмір сүру жасын біртіндеп ұлғайту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты жетістіктерінің бірі. Бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 75 жастан асты. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе өзекті бола түседі", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу