Президент сәулетші Жандарбек Мәлібекұлын 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

977

Президент Елтаңба авторына Тәуелсіз Қазақстан мен елорданы құру және дамыту ісіндегі сіңірген еңбегін атап өтіп, оған зор денсаулық, шығармашылық шабыт және отбасына бақ-береке тіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Президент сәулетші Жандарбек Мәлібекұлын 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады

Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаны жасаған тұста елу жаста болатын.

Ол 1942 жылдың 24 наурызында Жаңақорған ауданы, Екпінді ауылында теміржолшының отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келді.

Анасынан өте кішкене кезінде айырылып, әкесінің және ауылдағы үлкен азаматтардың тәрбиесін көрген бала Жандарбек 1949 жылы Екпінді ауылындағы "шпал мектеп" деп аталатын білім ошағының табалдырығын аттайды. Соғыстан кейінгі жылдары "шпал мектептің" тозығы жетіп, бұзылады. Сөйтіп 4-класты "№166 детдом 7 жылдық мектебінде" білімін жалғастырған екен. Өйткені соғыс жылдары Ресейдің ішкі аймақтарынан келген жетім балалар сонда оқып, сол атау қалыптасып кеткен көрінеді.

Бұл мектепте оқыған кезде де сол кездің қиыншылықтарына байланысты сабақ барысы оңай болмаған. Аталған 7 жылдық мектепті 1956 жылы бітіріп, қалған класты Жаңақорғанға барып оқуға тура келді. Сөйтіп шағын ауылдан сыртқа шығудың алғашқы жолы содан басталды. Ол уақытта Жаңақорғанда малшы, теміржолшы болып жұмыс істейтін жұмысшылардың балалары оқитын интернат ашылып, сол интернатқа қабылданады. Жаңақорғанда 9-класта оқып жүргенде, 1958 жылдың көктемінде дария тасып, қонысты су алып, Жаңақорған мен Төменарық станциялары арасындағы Жайылма, Бөрітескен разъездерін су шайып кетеді.

Кейіннен Төменарықта интернат ашылып, сол интернатқа орналасады. №53 қазақ орта мектебінде 9-10 сыныпты оқиды.

Мектеп бітірген соң Ташкент политехникалық институтына оқуға түседі. Ол оқу орнында білім алу оңай шаруа болмаған екен. Себебі сол кездің заңы бойынша студенттер күндіз құрылыс алаңына барып жұмыс істейді, ал институт партасына кешкі жетіден кейін ғана отырған.

Төртінші курста оқып жүргенде Украинаға жол тартып, Киевте практикадан өтіп, диплом алғаннан кейін Алматыға кетпек болады. Бірақ Ташкенттегі білім ордасын бітірген соң, сонда қалып, үш жыл жұмыс істеуге міндетті болады. Сондай себептермен Өзбекстанда қалып, абыройлы қызмет атқарып, биіктерден көрінеді. Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Нүкіс секілді қалаларының архитектуралық дамуына үлкен үлес қосып, өз қолтаңбасын қалдырды. Сол еңбегі ескеріліп, Өзбекстанның Еңбек сіңірген сәулетшісі атанды.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың жарлығымен Мемлекеттік рәміздерге халықаралық байқау жарияланады. Жандарбек ағамыз өзінің көптеген жоспарын ысырып қойып, еліміздің Елтаңбасын жасауға кіріседі. 1992 жылдың 27 наурызында байқауға арналған Елтаңба жобасын Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдайтын бөлмесіне тапсырады. Тек Мемлекеттік Елтаңба үшін 293 жұмыс түсіп, соның 6-уы іріктеліп алынады. Оның ішінде Ж.Мәлібековтің де жасаған жұмысы бар болатын. 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес депутаттары 237 дауыспен Елтаңбаның жобасын қабылдады.

"Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің басшылығыммен жасалған нұсқа қабылданды. Енді көп ұзамай Қазақстан азаматтығын аламын. Осында түбегейлі көшіп келіп қалған өмірімді алаңсыз өз еліме арнаймын деген ой басыма келді", – дейді Елтаңба авторы. (Ә.Әбіласан, "Сығанақтан шыққан сәулетші", Астана, 2008 жыл) 

Содан Жоғарғы Кеңестің ХІІ сессиясында конкурстық сұрыптаулар арқылы іріктелген бірнеше үлгі талқыланып, қорытындысында Ш.Ниязбеков пен Ж.Мәлібековтың жұмыстары қабылданып, Ту авторы Ш.Ниязбеков, Елтаңба авторы Ж.Мәлібеков болды. 6 маусым күні Абай атындағы Опера және балет театрында мемлекеттік рәміздердің тұсаукесері өткізіліп, Ж.Мәлібековке ресми түрде "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы" деген Президенттің қолы қойылған "Биік мәртебелі куәлік" табысталды. (Ақпарат syrboyi.kz сайтынан алынды)

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу