Президент шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін сату және беруге тыйым салатын заңға қол қойды

918

Құжатта шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен бұрын жалға берілген ауылшаруашылық жерлерінің мерзімдерін ұзартуға болмайтындығы және олардың жалдау мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелік ететіндігі көрсетілген.  

Президент шетелдіктерге ауылшаруашылық жерлерін сату және беруге тыйым салатын заңға қол қойды

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Заң ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуымен ғылыми-зерттеу орталықтарға, сондай-ақ қандастарға сатуға және жалға беруге толық тыйым салуды белгілейді.

Қандастар жеке қосалқы шаруашылығына, бау-бақша өсіруге және саяжайларға арналған жер учаскесін ала алады, бірақ ауылшаруашылық жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, қазіргі кезде ауылшаруашылық жерлерін шетелдік қатысумен жеті заңды тұлға жалға алған, олардың жалға алған жер аумағы 74,4 мың га. Атап айтар болсақ, бір кәсіпорын Жамбыл облысында орналасқан (жалға берілген ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданы 5,9 мың га), біреуі Павлодар облысында (32,2 мың га ауылшаруашылық жерлері), біреуі Атырау облысында (1,6 мың га) және Ақмола облысындағы төрт кәсіпорын (жалпы жалдау ауданы - 34,7 мың га ауылшаруашылық жерлері).

Сонымен қатар, ауылшаруашылық жерлерін жалға алған екі шетелдік компания бар. Олар Шығыс Қазақстан облысында - 14,9 мың га алқап және Жамбыл облысында - 3,6 мың га алқапты алып отыр.

Бұл шетелдік компаниялардың ауыл шаруашылығы жерін жалға алу мерзімі 2022 жылмен 2025 жыл аралығында бітеді.  

Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңнамалық бастамасы ретінде дайындалған

Қазақстанда 2016 жылдан бастап ауылшаруашылық жерлерін сатуға және жалдауға мораторий күшіне енген, ол елдің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен енгізілген. Мораторий жерді шетелдіктерге сатуға қарсы жаппай наразылық аясында жарияланды. Мораторийдің мерзімі 2021 жылдың соңында аяқталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу