"KamaTyresKZ" дөңгелек зауытын биыл жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған дөңгелектер шығаруды көздеп отыр. Жобаның екінші кезеңінде транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, ал үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасы дөңгелектерін өндіре бастайды. Зауыттың қуаты жылына 3,5 миллион дөңгелек шығаруға есептелген.
Қазіргі таңда зауыт серіктестерімен бірлесіп, өзіне қажетті мамандарды даярлауға кіріскен. Аймақтағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде "Резина техникалық бұйымдар" және "Шина өндірісі" мамандықтары бойынша 68 адам оқып жатыр.
Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс "Silk Road Electronics" зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зауыттың болашақ өнімдері қойылған шағын көрмені аралап шыққаннан кейін басшылықпен әңгімелесті.