Президент табиғатты сақтау келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін айтты

319

Экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді.

Президент табиғатты сақтау келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік екенін айтты Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет басшысы саммитке қатысушыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты.

Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды.

– Біз табиғат тартуын болашаққа жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында жиналып отырмыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, экономикалық орнықтылықты және ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түлік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қамтуда маңызды рөл атқарады, – деді Мемлекет басшысы.

Шөлейттену және су тапшылығы, басқа да экологиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді, деп атап өтті Президент.

– Судың жеткіліксіздігі мен жердің тозуы миллиондаған адам үшін үйреншікті жағдайға айналды. Мұның салдары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мемлекеттер аумағынан ары асып, орнықты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақтылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шынайы серіктестікке, бөліп-жармауға негізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ынтымақтастық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу