Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу" атты халыққа Жолдауында берілген экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда министрліктер мен әкімдіктердің өңірлердегі инвестиция көлемін және инвестициялық жобаларды іске қосу қарқынын үдете түсу жұмыстарының тиімділігін арттыруға назар аударылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың, облыс әкімдерінің, сондай-ақ ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиевтің баяндамалары тыңдалды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту туралы қойған міндетіне назар аударды.
ҚР ҰЭМ деректері бойынша биылғы 9 айда негізгі капиталға салынған инвестицияның (НКИ) жалпы көлемі 13,8 трлн теңгені құраған, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артық.
Ең үлкен өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында тіркелді. Қаражаттың негізгі көлемі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен саласына құйылған.
Өңірлер арасында Астана қаласы, Түркістан облысы негізгі капиталға инвестиция тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуде көш бастап тұр. Ал Қарағанды, Атырау, Ұлытау, Абай, тағы басқа да облыстар белгіленген межеден артта қалып отыр.
2025 жылғы қазандағы жағдай бойынша Бірыңғай ұлттық пулдың шеңберінде елімізде 185 инвестициялық жоба жүзеге асырылған, жыл соңына дейін тағы 268-ін (2024 жылы – 230 инвестициялық жоба) іске қосу жоспарлануда.
Жалпы тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) көлемі 10,1 млрд долларды құрады. Өңдеу өнеркәсібі, қаржы секторы, көлік, байланыс және энергетика салаларына қаражат белсенді тартылуда.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана қаласы ТШИ бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізуде көш бастаса, оның қатарында Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бар.