10 қазан күнгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары барысында Ашхабадта Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені және Түрікменстанның Мемлекеттік ақпарат агенттігі (TDH) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі KAZINFORM агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатқа ҚР Президенті телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен TDH агенттігінің төрағасы Мердан Газакбаев қол қойды.
– Бүгін қол қойылған меморандум медиаконтент алмасуды және екі елдің өміріндегі маңызды оқиғаларды көрсетуде өзара ықпалдастықты көздейді, – деді Раушан Қажыбаева.
Меморандум сонымен қатар бірлесіп контент жасауды, журналистерді оқыту мен тағылымдамадан өткізу, корреспонденттік желі ресурстарын бірлесіп пайдалану мақсатын көздейді.
Президент ТРК құрамына кіретін "Казинформ" Халықаралық ақпарат агенттігі TDH агенттігімен ұзақ уақыттан бері байланыста екенін, ТМД ақпараттық кеңесі аясындағы өзара іс-қимылдың мол тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн.
– TDH мен ҚР Президенті ТРК арасындағы ынтымақтастық Орталық Азияның ақпараттық кеңістігін дамытуға, халықтарымыздың достығы мен өзара түсіністігін нығайтуға бағытталған Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келеді, – деп атап өтті TDH агенттігінің төрағасы Мердан Газакбаев.
Айта кетейік, ҚР Президентінің телерадиокешені – толық циклді қазақстандық ірі медиа-компания, оның құрамына: "JibekJoly" республикалық телеарнасы, SilkWay және SilkWayCinema халықаралық телеарналары, "ҚазАқпарат" ХАА және Деректі фильмдер орталығы кіреді.
Түрікменстанның Орталық мемлекеттік ақпарат агенттігі (TDH) мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени және спорт өміріндегі оқиғалар туралы ақпаратты түрікмен, орыс және ағылшын тілдерінде таратады.