Тоқаев: Елімізде өндірілетін мұнайдың үштен бірі "Теңізшевройлға" тиесілі

407

Компания отыз  жыл ішінде 70 миллиард доллар инвестиция құйып, мемлекет бюджетіне 160 миллиард доллардан астам кіріс әкелді. 

Тоқаев: Елімізде өндірілетін мұнайдың үштен бірі "Теңізшевройлға" тиесілі Фото: Фото: akorda.kz

Президент "Шеврон" корпорациясы Қазақстанмен бірлескен кәсіпорын ашқан алғашқы шетел компаниясы екенін атап өтіп, компанияның 30 жылдық мерейтойы еліміздің мұнай-газ саласы үшін айтулы оқиға екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақордаға сілтеме жасап.

– Бүгінде "Теңізшевройл" жетекші халықаралық компания ретінде еліміздің жалпы экономикалық дамуына табысты үлес қосып келеді. Елімізде өндірілетін мұнайдың үштен бірі "Теңізшевройлға" тиесілі.  Компания отыз  жыл ішінде 70 миллиард доллар инвестиция құйып, мемлекет бюджетіне 160 миллиард доллардан астам кіріс әкелді. Компания тауарлар мен қызметтердің 70 пайызын жергілікті өнім жеткізушілерден сатып алады. "Теңізшевройл" жұмысшыларының 95 пайыздан астамы – Қазақстан азаматтары, – деді Президент.   

Мемлекет басшысының айтуынша, компания мұнай саласында озық технологияларды белсенді түрде қолданып, көмірсутегі бейтараптығына қол жеткізуге септігін тигізетін шараларды дәйекті түрде қабылдап жатыр.

– 2000 жылдан бері компания ауаға таралатын шығарындылардың көлемін 75 пайызға азайтты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуға тиіс. Теңіз кен орнындағы өндірісті ауқымды түрде кеңейту жобаларының жүзеге асырылуы аяқталып келеді. Бұл елімізге мұнай өндірісінің көлемін тағы да 12 миллион тоннаға арттырып, әлемдегі ең ірі мұнай жеткізуші елдердің қатарына кіруге мүмкіндік береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жаңа шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне баса назар аударғанын атап өтті. Оның пікірінше, "Теңізшевройл" бұл бағытта да маңызды рөл атқарады. Компанияның ауқымды өндірістік қуатының арқасында әртүрлі салада жүздеген жаңа кәсіпорынның пайда болуына экономикалық негіз қаланды. Соның нәтижесінде он мыңдаған  жұмыс орны ашылды.

Бұдан бөлек, Президент "Теңізшевройлдың" әлеуметтік жауапкершілігі туралы айтты. Кәсіпорын отыз жылда 100-ден астам ірі әлеуметтік жобаны іске асырған. Атап айтқанда, мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен басқа да нысандардың құрылысына қомақты қаржы бөлген.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу