Президент ТМД елдерін вакцинация паспортын өзара мойындауға шақырды

723

Оның пікірінше, коронавирусқа қарсы вакцина тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, іскерлік байланысты нығайтады.

Президент ТМД елдерін вакцинация паспортын өзара мойындауға шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерін вакцинация паспортын өзара мойындауды жеделдетуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Қиын кезеңде ТМД мемлекеттері бір-біріне қажетті қолдау мен көмек көрсете отырып, бірлік пен ынтымақтастық танытты. Мұнда Ресей өте маңызды рөл атқарды. Қос мемлекет коронавирусқа қарсы күресте жақсы тәжірибе жинады. Оның ішінде вакцина әзірлеу саласы бар", – деді Президент онлайн режимде өтіп жатқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында . 

Қасым-Жомарт Тоқаев СOVID-19-ға қарсы екпе халықтың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Қазақстандық "QazVac" вакцинасы жоғары тиімділігін көрсетіп, басқа елдерге гуманитарлық көмек ретінде жеткізіле бастады. "КазКовак Пи" жаңа препараты клиникалық сынақтан сәтті өтіп жатыр. Тағы 3 вакцина клиникаға дейінгі сынақ сатысында", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол Қазақстан ресейлік "Спутник V" вакцинасын шығарып жатқанын атап өтті.

"Басқа елдер де осы салада белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын білемін. Қазақстан тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және вакциналарын жеткізуге дайын. Сондай-ақ ТМД аумағыда вакцинация паспорттарын өзара мойындауды жеделдетуді ұсынамын. Бұл өзара сенім мен ынтымақтастық орнату үшін маңызды. Осындай шешімді қабылдай отырып, біз азаматарымыздың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етеміз және іскерлік байланысты жандандырамыз", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 2022 жылы ТМД ұйымына Қазақстан төрағалық етеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу