Президент Тогоны ислам ұйымына мүше болуға шақырды

371

Мемлекет басшысы Того Президентімен ауыл шаруашылығы, жаңа технология, қазба байлықтарды бірлесе игеру, өндіріс және инвестиция салалары бойынша да келіссөз жүргізгенін айтты. 

Президент Тогоны ислам ұйымына мүше болуға шақырды Фото: akorda.kz

– Екі ел үкіметтеріне тауар айналымын арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Әсіресе, Қазақстанның Тогоға дәнді дақылды экспорттау мүмкіндігі зор екеніне назар аудардық. Еліміздің бастамасымен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы құрылғанын білесіздер. Мен Тогоны осы ұйымға мүше болуға, оның әлеуетін пайдалануға шақырдым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы табиғи ресурстарға бай Қазақстан мен Того елдері темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау, өндіру және игеру үшін бірлесе жұмыс істеу мүмкіндігіне ие екеніне назар аударды.

– Мен Қазақстан кәсіпкерлері Тогоның тау-кен өндірісін зерттеуге дайын екенін атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қазақстанға Ломе портының әлеуетін қарастыру бойынша ұсыныс айтылды. Бұл теңіз айлағы қызмет ауқымы бойынша Батыс Африкада екінші орын алады. Біз өзара тиімді әріптестікті дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан Того кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырдым. Олар форумда Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу