Президенттің пікірінше, жаһандық стратегиялық тұрақсыздық жағдайында кешенді тәсілдерді қолданудың, барлық тараптың мүддесін ескерудің және үнемі мәмілеге келу жолдарын іздеудің маңызы артып келеді.
Мемлекет басшысы бүкіл адамзат үшін бейбіт және үйлесімді даму мұраттары мен құндылықтарын ұжым болып ілгерілететін уақыт келді деп санайды.
– Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның "Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы" бастамасын әзірлеуді ұсынды. Осы құжаттың, сондай-ақ алдағы саммит барысында ШЫҰ-ның Астана декларациясының қабылдануы, біздің көзқарасымыз бойынша, әлемнің түрлі өңірлеріндегі қақтығыстарды реттеу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруге ықпал етеді. ШЫҰ-ны одан әрі реформалау ісіне ерекше мән беру қажет. Осы Ұйымның қызметін жетілдіруге бағытталған нақты шешімдерді дайындауға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуы маңызды. Қазақстан өз тарапынан ШЫҰ-ны ынтымақтастықтың тиімді және көпжақты тетігіне айналдыру жөнінде теңгерімді ұсыныс жасады. Алдағы уақытта да осы бастамалар қолдау табады деп үміттенеміз, – деді Президент.