Президент үкіметке Абайдың мерейтойына дайындалуды тапсырды

815

Мемлекет басшысы ұлы Абайдың мұрасы "Рухани жаңғырудың" маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.

Президент үкіметке Абайдың мерейтойына дайындалуды тапсырды

Мемлекет басшысы ШҚО-ға іссапарында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің қабырғасында қала жұртшылығымен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында елімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқталды.

"Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл – қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. "Туған жер" жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек", – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, ұлы Абайдың мұрасы "Рухани жаңғырудың" маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өтті.

"Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу