Президент Үкіметке Ақтау қаласында туризмді дамытуға тапсырма берді

269

Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы.

Президент Үкіметке Ақтау қаласында туризмді дамытуға тапсырма берді Фото: egemen.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің барлық өңірде бір мезетте 20 туристік аймақты дамыту жоспарын тиімсіз деп атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Президенттің пікірінше, Қазақстан туризмінің жаһандық деңгейдегі төлқұжатына айналуға лайық анағұрлым перспективті нысандарды қысқа мерзім ішінде ретке келтірген жөн.

– Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы. Жалпы туристер легінің төрттен бірі, соның ішінде шетелдік туристердің жартысы осы қалаға тиесілі. Бірақ қаланың туристік инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан нөпірге төтеп бере алмайды. Демалыс және мереке күндері Шымбұлаққа келушілер саны оның өткізу мүмкіндігінен 2,5 есе асып кетеді. Сондықтан тау шаңғысы кластерін, оның ішінде Алматы облысындағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салу арқылы одан әрі дамыту өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке Маңғыстау облысының әкімдігімен бірге Каспий жағалауындағы туризм инфрақұрылымының сапасын арттыру үшін қонақ үй және мейманхана бизнесінің әлемдік брендтері мен франшизаларын тартумен белсенді айналысуды, жағалаудағы курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Ақтауға Алматыдан, Ақтөбеден, Шымкенттен және Атыраудан қатынайтын әуе рейстерінің санын арттыруды, "Жылы жағажай" аумағындағы жобаларды жыл соңына дейін аяқтауды, сондай-ақ, Кендірлі демалыс аймағын дамыту ісін жеделдетуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу