Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік турасында да сөз айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ, оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігіміз оларға банк шоттарында қаржы жинағын қалдырумен ғана шектелмейді. Біз ұрпаққа сапалық тұрғыдан жаңа елді құрып, аманат етуіміз керек. Ол – технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы қуатты, заманауи инфрақұрылымы қалыптасқан, өмір сүру сапасы жоғары, әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруына мүмкіндік беретін мемлекет.
Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция, – деді Президент.