Президент вьетнамдық компанияның Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптайды

255

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысты. 

Президент вьетнамдық компанияның Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптайды Фото: QAZAQ AIR әуекомпаниясы

Мемлекет басшысының айтуынша, географиялық алшақтық пен байланыстың нашарлығы ұзақ жылдар бойы екі мемлекеттің экономикалық ықпалдастығын тежеп келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бүгінде жаһандану мен дамыған инфрақұрылымның арқасында елдер арасындағы өзара байланыс бұрынғыдан әлдеқайда жақсарды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев отандық "Қазақстан темір жолы" компаниясы мен сингапурлық PSA International компаниясы арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытының немесе "Орта дәліздің" әлеуетін пайдалануға бағытталған синергиялық серіктестікті мысалға келтірді.

– Аталған бағыт Еуразия кеңістігіндегі ынтымақтастықты мүлдем жаңа деңгейге шығара алады. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға шығатын ең төте әрі орнықты жол. Сингапур компаниялары мен қаржы институттары бұл саладағы бизнес пен инвестицияның мүмкіндіктерін зерттеп, айтарлықтай пайдаға кенеле алады деп санаймыз. Вьетнамдық SOVICO Group компаниясының Qazaq Air авиакомпаниясын жекешелендіруін құптаймын. Бұл Қазақстан мен АСЕАН елдері арасындағы әуе қатынастарын жандандыруға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор екеніне назар аударды. Сингапур компанияларына бірлескен агроинновациялық орталықтар құру, дәлдігі жоғары егіншілік және су ресурстарын барынша тиімді пайдалану бағыттарында бірлесе жұмыс істеу ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу