Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Балалар мен жасөспірімдер ортасындағы суицид жағдайлары – бәріміз үшін қасірет. "Балалар неге ондай қадамға барады" деген сұрақ бойынша бәріміз ойлануымыз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуға тиіс", – деді Президент Тамыз конференциясында.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, біздің ортақ мақсатымыз – оптимистердің жаңа буынын тәрбиелеу екенін атап өтті.
"Жас буынның жігері өткір, өмірлік қиындықтарға бекем болуға тиіс. Басқаша болмауы керек", – деді Президент.
Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Тамыз конференциясы өтіп жатыр.
Жиында Мемлекет басшысы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өсетіндігін мәлім етті.