Президент Жастар жылының жабылу салтанатына қатысуда

1561

Салтанатты рәсім сондай-ақ волентер жылының ашылуына да арналған. 

Президент Жастар жылының жабылу салтанатына қатысуда

Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Жастар жылының жабылу және Волентер жылының ашылу салтанаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шараға Қазақстанның барлық аймақтарынан 500-ге жуық жас келген. Салтанатты рәсім "ArtHUB" Шығармашылық бастамаларды қолдау орталығы құрылатын павильонда өтіп жатыр. Павильонның жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метрді құрайды. "ArtHUB" жастар жасаған art-инсталяциялармен LOFT форматында жасақталған және тақырыптар бойынша аймақтарға бөлінген.

Айта кетейік, 2019 жыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен Жастар жылы деп жариялап, Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдаған еді. Жол картасында жастарды қол жетімді баспанамен қамтамасыз ету, білім алу, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасын қолдау және сынды шаралар қарастырылған.

2019 жылы 3 мың жас Қазақстанның үш ірі қаласында, Нұр-Сұлтанда – 1050 пәтер, Алматыда – 1050 пәтер, Шымкентте 900 жалдамалы тұрғын үй алды. 3 мыңнан астам жас маманға 13,5 млрд теңгеге тұрғын үйге бюджеттік несие берілді. "Дипломмен ауылға" жобасының қатысушыларына 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде (3 787 500 теңге) бюджеттік несие беру қарастырылған.

Сонымен қатар биыл"Жас кәсіпкер" және "Жас маман" жобаларын қамтитын "Жастар Ел –тірегі" жобасын жүзеге асыру басталды. Аталған жобалар "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау шараларымен 209 мыңнан астам жастар қамтылды. Олардың 172 мыңы жұмысқа орналастырылды.

"Жас кәсіпкер" жобасы аясында 20 мың жас маман оқытылды. 2019 жылы 9,5 мың жас жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға грант алды. Жыл сайын 10 мың жас грантқа ие болады. 2,5 мың жас кәсіпкерге өз ісін дамыту үшін шағын несие берілді. Үш жылдың ішінде 15 мың адамға шағын несие берілетін болады. "Жасыл ел" жобасы аясында 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл 33 мыңға жуық жас жастар практикасына жіберілді.

Жастар жылында ҚР Білім және ғылым министрлігі 53 755 грант бөлді. Бұл ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген әрбір екінші үміткерге ЖОО-ға түсуге мүмкіндік берді. Ғылыми әлеуетті дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігіндегі Ұлттық ғылыми кеңес арқылы жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға 3 миллиард теңге бөлінді.

2019 жылы жастарды қолдауға бағытталған 2,8 млрд теңге сомасына 56 гранттық жоба жүзеге асырылды. Жалпы, гранттық жобалар бойынша 2 миллионнан астам жас мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу