Президент Жолдауы аясында жастардың мүмкіндіктері талқыланды

302

Астанада жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлі талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент Жолдауы аясында жастардың мүмкіндіктері талқыланды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға жастардың қатысуы талқыланды. "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған кездесуге сарапшылар, студенттер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен ғалымдар қатысты.

"Ұрпақтар диалогы: жастар және Қазақстанның болашағы" тақырыбындағы пікірталас Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауына арналды.

Кездесуде елдің стратегиялық мақсаттарын іске асырудағы жастардың үлесі сөз болды. Қатысушылар цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және жаңа технологиялардың білім беру жүйесі мен еңбек нарығына әсері жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, кәсіби дағдыларын жетілдіру және мамандығы бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау мәселелері қарастырылды.

Пікірталас барысында білім беру сапасы мен адами капиталды дамытуға да басымдық берілді. Қатысушылар жоғары білімнің жастардың зияткерлік және кәсіби әлеуетін ашудағы маңызын атап өтті.

Бұдан бөлек, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, қоғамдық бастамаларын қолдау және мемлекеттік органдармен өзара байланысын нығайту мәселелері көтерілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ашық пікірталастың мақсаты – ұрпақтар арасындағы диалогты дамыту және жастардың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін айқындау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу