Президентке отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды

578

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рүстем Жүрсіновті қабылдады.  

Президентке отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпкерлер құқын қорғау мәселесі бойынша атқарылған жұмыстар мен отандық бизнесті қолдауға қатысты жоспар жайында баяндалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Рүстем Жүрсінов Қазақстан Президентіне соңғы 4 жыл ішінде 25 мың өтініш қаралып, оның 43 пайызы оң шешілгенін, кәсіпкерлердің 197 миллиард теңге көлеміндегі мүліктік құқықтары қорғалғанын айтты. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, санитарлық талаптарды сақтау жөнінде тәртіп әзірленді, кәсіпкерлердің, олардың жұмысшылары мен тұтынушыларының арасындағы жауапкершілігі айқындалды.

Мемлекет басшысына коронавирус пандемиясының отандық бизнеске тигізген салдары және кәсіпкерлерге қолдау көрсету жөніндегі ұсыныстар туралы ақпарат берілді. Нақты айтқанда, еңбекақы төлеу қоры, жер қатынастары, салық мәселелері жан-жақты айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер қатынастары мен еңбекақы төлеу қорына салмақ түсірмейтін жаңа реттеу саясаты жөніндегі өзгерістерді тиісті мемлекеттік органдар мұқият зерттеуі қажет екенін атап өтті. Президент "Бір көзден сатып алу" порталының тиімділігі мен ашықтығына жіті мән беру керек деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рүстем Жүрсіновке бизнеске қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың арту себептерін анықтауға, бақылау-қадағалау қызметін реформалауды әзірлеуге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу