Президентке Stadler Kazakhstan зауыты шығарған вагондар таныстырылды

612

Жаңа вагондардың басты артықшылығы – жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер.  

Президентке Stadler Kazakhstan зауыты шығарған вагондар таныстырылды Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысына Stadler Kazakhstan зауыты шығарған алғашқы жолаушылар вагоны таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалған вагондарды қолдану мерзімі – 40 жыл.

Кәсіпорын купе, плацкарт және қозғалысы қиын жолаушылар үшін арнаулы вагондар шығарады. Биыл 51 вагонды, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагонды пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ұлттық тасымалдаушының вагон паркін толығымен жаңартуына мүмкіндік береді. Өндірісті локализациялауға қазақстандық кәсіпорындар тартылған.

Президент темір жол саласының жұмысшыларымен әңгімелесті. Сала басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевқа темір жол қатынасы жүйесін жаңғырту барысы жөнінде есеп берілді.

Қазір бүкіл ел бойынша 125 вокзалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықаралық серіктестермен бірлесіп, жолаушы тасымалдау жүйесіндегі қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізілді. Атап айтқанда, отандық ІТ компаниялар жолаушыларға арналған бірыңғай цифрлы платформа әзірледі. Бұл билет сатып алудан бастап туристік қызмет көрсетуге дейінгі көптеген функцияны біріктіреді.

Сондай-ақ пойыздар спутниктік интернетке қосылады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында видеотіркеулер, мобильді терминалдар, жасанды интеллект технологиясы негізінде мәліметтерді талдауға қабілетті 4 мың камера пайдаланылады.

Айта кетейік, Stadler – Қазақстан мен Швейцарияның бірлескен жобасы. Биылдың өзінде алғашқы 51 вагон "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға қолданысқа берілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу