Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды

104

Орталықта қандай жобалар жүзеге асып жатыр?

Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев AIemai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Орталық елімізді жасанды интеллектке бағдарланған мемлекетке айналдыру, сондай-ақ қоғамдық және экономикалық өмірінің барлық саласында ақпараттық технологиялардың дамуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады.

Президентке Nur Alem сферасында орналасатын AIemai жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Орталық жанынан Tomorrow School және Tumo Education мектептері ашылады. Мұнда жыл сайын мыңнан астам оқушыға бағдарламалау машықтарын, роботты техниканы және басқа да креативті технологияларды үйрету, сондай-ақ жоғары білікті 1000 маман даярлау жоспарланып отыр. AIemai халықаралық орталығы стартаптар акселерациясы және зерттеу жобаларын қолдауға арналған кампус ретінде қызмет көрсетеді.

Президентке инкубация және акселерация бағдарламаларына қатысып жатқан, келешегі зор отандық стартап жобалар мен компаниялар туралы ақпарат берілді.

 

Олардың арасында тұтынушылармен байланысқа арналған дыбысты роботтарды әзірлеуге және енгізуге маманданған Cybernetai, иммунды терапия және диагностика салаларындағы күрделі міндеттерді шешуге өз үлесін қосуға ниетті ArlanBiotech компаниялары бар. Ал, перспективасы зор тағы бір стартап – Higgsfield AI ғалымдар мен инженерлерге күрделі компьютерлік модельдерді үйретуге көмектесетін озық жүйені ойлап тапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу