Президенттен бүйрек сұраған қызға донор табылды

1232

Он жылдан кейін бір бүйректі адамдар көбеюі мүмкін.

Президенттен бүйрек сұраған қызға донор табылды Фото: Ақорда

Осыдан бір жыл бұрын жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығына барып, балаларды мерекемен құттықтаған еді.

Жаңажылдық сыйлық орнына ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұраған 13 жастағы Әнел Дінекешеваға жақында қан тобына сәйкес келетін донор табылып, сәтті ота жасалды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты KAZINFORM агенттігіне сілтеме жасап.

Әнелге 13 жылда 15 ота жасалды

Әнел 2009 жылы Тараз қаласында туған, Астанаға ем алуға жиі келетін болғандықтан, 2019 жылы отбасымен елордаға қоныс аударған.

"Әнел менің жалғыз балам, ең алғаш 1,5 жасында дәрігерлер бүйрек жұмысында ақау барын анықтады. Әрине алғаш естігенде қатты уайымға салынбадым, емделіп кетеді деп ойладым. Бірақ қызым қатты ісініп, зәр шығара алмай қалды. Сонда бірінші урологиялық ота жасалды, кейінірек жұлын жарығына ота жасалды. 2021 жылы сол жақ бүйрегі істемей қалды, дене қызуы көтеріліп, сынамалары нашарлай бастады, оны да ота арқылы алуға тура келді. Осылайша 13 жасына дейін қызым 15 отаны бастан өткерді. 2023 жылы маусым айында қан қысымы 50-ге төмендеп, бірден жансақтау бөліміне түсті. Үш рет жүрегі тоқтап қалды. Сонда бәрі бітті деп, үмітім үзілді. Бірақ дәрігерлер өлім аузынан құтқарып қалды, қызым да жігерлі екен", - дейді Әнелдің анасы Динара Дінекешева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

2022 жылы 30 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ана мен бала орталығының балаларымен жүздесті. Әнел де балалардың арасында Президентпен сөйлесіп, өз тілегін айтқан.

"Сонда Президент "Жаңа жылға қандай сыйлық қалайсың?" деп сұрады. Әнел ауруынан айығуды, сау бүйрек табылуын сұрапты. Президент те "Армандарың орындала берсін!" деп сәттілік тіледі. Тура бір жылдан кейін 2023 жылы 30 желтоқсанда қызымның қан тобына сәйкес келетін донор табылды. Бірден сәтті ота жасалып, өзі қалағандай нағыз жаңажылдық сый болды. Әрине Президентпен кездесу басқа науқастардың алдында менің қызыма еш артықшылық берген жоқ, өзімізге сай келетін бүйректі сабырмен күттік, біз мұны тек жақсы ырым, жақсы тілектің орындалуы деп бағаладық", - дейді Д. Дінекешева.

Донорға мұқтаж балалар Беларусьтен ағза күтіп жүр

Ана мен бала орталығы Нефрология және диализ бағдарламасының меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Салтанат Рахымжанова Әнелдің диагнозы туралы толыққанды мағлұмат берді.

"Әнел 2011 жылдан бері біздің ауруханада ем алып жүр. Алғашқы 10 жылда консервативті ем алып, жоспарлы түрде ауруханаға жататын. 2021 жылы бүйрегі нашарлап, гемодиализ көмегіне мұқтаж болды. Біздің елімізде балалар гемодиализі амбулаторлық желіде жоқ, тек біздің орталықта және Алматыдағы Ақсай клиникасында ғана стационарда қолжетімді. Әнел де 2 жыл 4 ай бойы ауруханадан шыққан жоқ, бұған дейін көптеген ота жасалған, жүйке жүйесінде, жұлынында және урологиялық мәселелері болды, туыстары арасында ықтимал донор табылмады, сондықтан ерте жаста трансплантация жасалмады", - деп түсіндірді дәрігер.

Орталықтың ұсынысымен туыс доноры жоқ науқас балалар Беларусь Республикасының күту парағына енгізілген. Көптеген комиссиялық тексерулер мен іріктеуден соң 10 қазақстандық науқас Беларусьтің күту тізіміне енгізілді.

"Біз де Әнелдің доноры Беларусьтен табылады деп күтіп жүрдік. Ол жаңа жылды үйінде қарсы алғысы келіп, сұранғанда жібермедім. Біріншіден диализдегі науқас, екіншіден қызылшаға байланысты карантин жарияланған еді. 29 желтоқсанда Республикалық трансплантациялауды үйлестіру орталығы ықтимал донор бар екенін, екі науқасымызға бүйрек ауыстыру мүмкіндігі берілетінін хабарлады. Бұл үшін 12 науқасты қарастырдық, оның біразы боранға байланысты Астанаға жете алмады. Сынамалар нәтижесінде 4 адамның қаны сай келетінін білдік, оның қатарында Әнел жоқ еді. Көңіл-күйі түсіп, оны жұбатуға тырыстық. Денсаулығы да нашарлап, қан қысымы төмендеп, "Қашан донор табылады?" деп төзіміміз таусыла бастады", - деп еске алады дәрігер.

Бір донор бес адамның өмірін ұзартты

30 желтоқсанда үйлестіру орталығы Павлодар қаласынан тағы бір донор табылғанын хабарлаған. Оның қаны Әнел секілді үшінші топта.

"1980 жылғы әйел инсульттан кейін оянбады және оның жақын туыстары жарамды ағзаларын басқа науқастарға беруге келісім берді. Боранды күні ұшақ ұшпай, хирург-трансплантологтар пойызбен жолға шығып кетті. 14 сағаттан кейін ағзалар Астанаға жеткізіліп, бір бүйрек Әнелге орналастырылды. Осылайша павлодарлық әйелдің екі бүйрегі, өкпесі, бауыры мен жүрегі басқа науқастарға беріліп, бірден бес адамның өмірі ұзарды", - дейді С. Рахымжанова.

Отадан кейін Әнел 3 күн жансақтау бөлімінде, 10 күн палатада жатқан және еш қиындықсыз үйіне шығарылған.

"Біздің науқастар анализ көрсеткіштерін қадағалап жүруге үйренген. Содан болар, Әнел отадан кейін ояна салысымен бүйрек жұмысы үшін маңызды креатинин деңгейін сұрады (күлді). Үшінші күні креатинин 100-ге дейін түссе, төртінші күні 42-ге төмендеді. Бұл ауыстырылған бүйректің жақсы жұмыс істейтінін көрсетеді. Әрине отадан кейінгі үш ай маңызды, өйткені иммунитет өте төмен, инфекция қаупі жоғары болады. Жарты жылға дейін бір уыс дәрі ішуге тура келеді. Барлық қағидалар қатаң сақталуы керек", - дейді спикер.

Дәрігерлер алдын-ала болжағандай, Әнелдің зәрінен инфекция табылып, қазір қайтадан ауруханада ем алып жатыр. Бірақ көрсеткіштері күннен-күнге жақсарып келеді.

"Жаңа бүйрегімді қатты бағалаймын. Күн сайын таңғы 7-де оянып, дәрі ішуді бастаймын. Одан кейін сағат 9-да, 10-да, 12-де емдік процедуралар мен дәрілерді уақытылы қабылдаймын. Бос уақытымда сурет салғанды, ермексазды жақсы көремін. Биді де ұнатамын, бірақ әзірге белсенді қозғалуға болмайды. Стюардесса болуды да армандайтынмын, бірақ денсаулығыма байланысты жоспарларым өзгерді. Аудармашы немесе тіс дәрігері болғым келеді. Ата-анама үй әперіп, бәрін қуантқым келеді. Дәрігерлерге және еліме үлкен алғыс айтқым келеді", - дейді Әнел.

Он жылдан кейін бір бүйректі адамдар көбеюі мүмкін

Дәрігер Салтанат Рахымжанованың айтуынша, 2012 жылдан бері орталықта 149 трансплантациялық ота жасалған. Қазіргі уақытта сау ағзаға мұқтаж күту парағында 100-ден астам бала тұр. Көп жағдайда ата-ана, әпке, аға, бауыр секілді жақын туыстар ғана науқасқа бір ағзасын беруге дайын.

"Біздің елдегі трансплантация тек туған-туыстар арасында жалғаса берсе, 10 жылдан кейін Қазақстанда жалғыз бүйректі адамдар көп болады. Әрине баласы үшін әрбір ата ана қай мүшесі болса да беруге дайын. Бірақ келешектегі жалпы ұжымдық денсаулығымыз нашарлайды деп ойлаймын. Сол үшін шетелдік тәріжибелерді қорықпай қабылдауымыз керек. Мәселен, Беларусьте мәйіттің алдын ала қарсылығы болмаса, жарамды ағзалары бірден алына береді. Ол жақта күту парағы, донорға мұқтаждық біздегідей аса өзекті проблема емес", - дейді дәрігер.

Оның айтуынша, елімізде ерікті түрде бір бүйректі басқа науқасқа беруге болады, бірақ оның тегін болуы міндетті.

"Ағзаларды ақшаға саудалауға қатаң тыйым салынған. Ағзаның тегін берілетіні нотариус арқылы бекітіліп, этикалық комиссияның тексеруінен өтуі қажет", - деп түсіндірді дәрігер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу