"NURORDA" мектеп-лицейінің оқушысы Нұргүл Егенбергенова әлемдік білім беру рейтингінде көш бастап тұрған ең беделді оқу орны – Массачусетс технологиялық институтына (MIT, АҚШ) оқуға қабылданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"NURORDA" мектеп-лицейі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – қазақстандық жас зияткерлердің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін айтулы оқиға.
MIT университетіне түсу – әлемдік деңгейдегі ең қиын сынақтардың бірі болып саналады. Мәселен, биылғы оқу жылында 29 мыңнан астам үміткердің ішінен тек 4-5%-ы ғана шақырту алған. Ал шетелдік студенттер үшін іріктеу бұдан да қатаң болып, қабылдану деңгейі небәрі 2%-ды құрады.
Нұргүлдің ерекше академиялық жетістіктері мен интеллектуалдық әлеуетін тек MIT қана емес, сонымен қатар әлемнің топ-100 тізіміне кіретін тағы 5 жетекші университеті мойындап, шақырту жіберген. Олардың қатарында мына оқу орындары бар:
● University of British Columbia (UBC, Канада) – №38;
● Hong Kong University of Science and Technology (HKUST, Гонконг) – №44;
● École Polytechnique (Франция) – №46;
● Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST, Оңтүстік Корея) – №53;
● University of Warwick (Ұлыбритания) – №74.
Айта кетейік, Нұргүл Егенбергенова бұған дейін де білім мен ғылым саласындағы ерен еңбегі үшін мемлекет деңгейінде жоғары бағаланған болатын. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қабылдауында болып, Мемлекет басшысының қолынан арнайы сыйақы сертификатын иеленген.