Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтардың министрлермен кездесуі неліктен ұйымдастырылғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жас мамандармен кездесу арқылы Президенттің жаңа Жолдауындағы жаңа бастамалары жөнінде сөз қозғап, олардың маңыздылығын бірге талқылауды жөн көріп отырмыз. Жолдауды қалай жүзеге асырамыз? Қандай қосымша шараларды қабылдау керек? Неліктен? Себебі Жолдауда айтылған бастамаларды жүзеге асыратын – бүгінгі залда отырған жас мамандар. Бүгінгі кездесу біздің түсінігіміздегі үгіт-насихат мақсатындағы түсіндірме жұмысы емес, Жолдаудағы айтылған бастамаларды бірлесе отырып талқылау және оларды ертең жүзеге асыру. Себебі бүгінгі шараға келген жас мамандар – әртүрлі министрлік пен әкімдіктен келген азаматтар", – деді Ерлан Қарин Президенттік жастар кадрлық резервіндегі азаматтармен кездесу кезінде.
Оның айтуынша Президенттік жастар кадрлық резервін құру – Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасының негізгі идеяларының бірі болған.
"Сайлаудан кейін кадрлық резервті жасақтау жұмысына кірісіп, іріктеу жұмысы үш айға созылды. Соның арқасында үш жүзге жуық жас маман іріктелді. Қазіргі уақытта олардың жартысынан көбі – 152 маман әртүрлі қызметке тағайындалды. Сондықтан жас мамандар бүгінгі күні өздерінің мүмкіндіктерін сынауда", – деді ол.
Еске сала кетсек, бүгін елордада Президенттік кадрлық резервтегі жастар бірқатар министрмен кездесу өткізді. Нақтырақ айтқанда іріктеліп, резервке енген жастармен кездесуге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин, сондай Президенттің көмекшісі Ерлан Қарин шақырылған. Басқосудың басты мақсаты – Президент Жолдауын талқылап, алдағы уақытта Президенттік жастар кадрлық резервін дамытып, жүзеге асыруды жоспарлау.