ҚР президенттігіне үміткер Жұматай Әлиев бүгін Орталық сайлау комиссиясында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі бойынша емтиханнан өте алмады, деп хабарлайды Елорда Инфо.
"Үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тіл емтиханының алғашқы тапсырмасы бойынша шығарма жазды. Тақырыбы "Мемлекет және дін". Әрине, тақырып өте күрделі әрі ауқымды. Өкінішке қарай, тақырып мүлдем ашылмаған, сөйлемдері жүйесіз. Емтихан тапсырушы бас-аяғы 13 сөйлем жазған оның ішінде 19 қате жіберген. Ереже бойынша 8 қатеге дейін рұқсат етіледі. Екінші тапсырмада үміткер Мұхтар Әуезовтің "Абай" жолы романынан үзінді оқыды. Бұл тапсырманы да толық орындап шыға алмады. Үшінші "Ырыс алды – ынтымақ" атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндама да көңілге қонарлық болмады, үстірт қараған. Сондықтан лингвистикалық комиссия кеңесе келе, президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді толық меңгермеген деген қорытынды шығарды. Айта кету керек, үміткер өзіне берілген уақытты толық пайдаланды және емтихан ашық түрде өтті", – деді лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов.
Айта кетсек, "Халық демографиясы" қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған Жұматай Әлиев ҚР президенттігіне кандидат ретінде құжаттарын 28 сәуір күні тапсырды.