Бүгінгі отырыста Жамбыл Ахметбековты кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасын ОСК мүшесі Бақыт Сәрсенбайұлы Мельдешов баяндады.
Ол президенттіктен үміткердің бұған дейін талап етілетін кезеңдерден сүрінбей өткенін айтты.
Айта кетсек, Жамбыл Ахметбековтің құжаттары 26 сәуірде "Қазақстан Коммунистік Халық партиясы" қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған. Кандидат мемлекеттік тіл сынағынан сүрінбей өтіп, ол заңның барлық талабына сәйкес деп танылды.
"Президенттікке кандидат Жамбыл Аужанұлы Ахметбековты қолдап Қазақстанның 16 өңірінен 138 294 азаматтың қолы жиналған, олардың ішінен 135 506 рас қойылған қолдар болып есептелінді", – деп жеткізді Бақыт Мельдешов.
"2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Жамбыл Аужанұлы Ахметбеков Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелсін", – делінген отырыс қорытындысында қабылданған қаулыда.
Сондай-ақ қаулыға сәйкес тиісті куәлік берілуі керек. Кандидаттың тіркелгені туралы мәлімет банкке арнаулы уақытша шот ашу үшін жолданады.