Президенттің "Алтын сапа" байқауына үміткерлерді тіркеу басталды

888

Президенттің "Алтын сапа" байқауына үміткерлерді тіркеу басталды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2017 жылғы ҚР Президентiнiң "Алтын сапа" байқауының және "Қазақстанның үздiк тауары" республикалық көрме-байқауының басталғанын жариялады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, "Алтын сапа" "Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "Халық тауарын шығаратын үздік кәсіпорын" және "Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын" аталымдары бойынша өтеді. Әр аталымда шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері санаты бойынша сыйлық қарастырылған. Басқарма төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруінің арқасында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде отандық кәсіпкерлер үшін өнімдерін шетелге экспорттауға үлкен мүмкіндік туып отыр.

"Бірінші кезекте, Елбасы атап өткендей, отандық тауарлардың сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Аталған мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Атамекен" ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тауар өндірумен және қызмет көрсетумен айналысатын әртүрлі меншік нысанындағы ұйымдар арасында ҚР Президентінің жыл сайынғы "Алтын сапа" байқауын өткізеді", - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.

Ол сондай-ақ өткен жылы Елбасы сыйлығы 70-тен астам компанияға берілгенін жеткізді.

"2016 жылы "Алтын сапа" байқауына 138 компания қатысты, оның ішінде 59 - шағын кәсіпкерлік, 47 - орта, 32 - ірі кәсіпорын бар. Байқау ұйымдастырылған уақыттан бастап Елбасы сыйлығын 70-тен астам компания еншіледі. "Атамекен" ҰКП ҚР Президентiнiң "Алтын сапа" байқауын екі жыл қатарынан өткізіп, 25 лауреатты анықтады", - деді басқарма төрағасының орынбасары.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына сәйкес, байқаулар жыл сайын өткiзіледі. Оған Қазақстан Республикасының аумағында тауарлар өндірумен (қару-жарақ пен әскери техника өндіруді қоспағанда), қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Мемлекеттің қатысу үлесі 50%-дан асатын ұйымдар, сондай-ақ өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар байқауларға қатыса алмайды. 2016 жылы "Қазақстанның үздiк тауары" өңірлік көрме-байқауларына 674 шағын, орта жіне ірі кәсіпкерлік қатысқан, нәтижесінде республикалық кезеңге 145 жеңімпаз іріктелді. "Қазақстанның үздiк тауары" өңірлік көрме-байқауы 2001 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін көрме-байқауға 5,6 мыңнан астам компания қатысып, олардың ішінен 115 кәсіпорын дипломант атанған. "Алтын сапа" мен "Қазақстанның үздік тауары" байқауларының барлық лауреаттары төрт жыл бойы байқаудың эмблемасын жарнама мақсатында пайдалана алады", - деді Нұржан Әлтаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу