Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan газетіне айтып берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізген. Бірінші борт бағындырған қашықтық жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей мәнге ие.
– Жыл басынан бері Президент Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады, – деп жазды Берік Уәли.
Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек, Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барған.
– Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Франциямен бірге Эр-Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті, – деді Президент кеңесшісі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барған. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысқан.
Сонымен қатар, Президент биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның 95-і заң, 319-ы жарлық, 81-і өкім, 28-і отырыс хаттамасы болса, 3 456 қызметтік құжат қабылданды.