Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарына өтінім қабылдау басталды

96

Әрбір ұйым тек екі үміткерді ғана ұсынуға құқылы. 

Президенттің БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарына өтінім қабылдау басталды Фото: akorda.kz

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының 2025 жылғы БАҚ саласындағы сыйлықтары мен гранттарына, сондай-ақ Алғыс білдіруге үміткерлерден ұсынымдар қабылдау басталғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Сыйлықтар мен гранттарға үміткерлерді, сондай-ақ Алғыс жариялауға ұсынылатын шығармашылық ұжымдарды бұқаралық ақпарат құралдары, шығармашылық одақтар, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдар ұсына алады. 

Айта кету керек, өзін-өзі ұсынуға рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, бұған дейін грант иегері атанған журналист сыйлыққа кемінде бес жылдан кейін ғана ұсыныла алады. Гранттар тек 35 жасқа дейінгі журналистерге беріледі.

Сыйлық немесе грант алуға үміткерге қатысты ресми бланкіде (А4 форматында, 2 парақтан аспайтын) жазылған ұсыным хатқа келесі құжаттар қоса берілуі тиіс:

  • үміткердің аты-жөні, қажет болса бүркеншік аты және лауазымы көрсетілген жұмыс орнынан анықтама;

  • жеке куәлік немесе төлқұжат көшірмесі;

  • шығармашылық қызметінің қысқаша сипаттамасы;

  • негізгі жарияланымдар мен олардың көшірмелері, аудио/бейнематериалдар немесе олардың интернет-сілтемелер тізімі.

Алғыс жариялау үшін ұсынылатын ұжым бойынша да дәл осындай форматтағы ұсыным және негізгі жарияланымдар топтамасы ұсынылады. Кітаптар сыйлыққа үміткер материал ретінде есепке алынбайды, алайда мерзімді басылымда жарық көрген мақалалар топтамасы қарастырылады.

Ұсынылатын материалдар 2024 жылғы 1 маусым мен 2025 жылғы 31 мамыр аралығында жарияланған немесе эфирге шыққан болуы керек. Құжаттар қайтарылмайды.

Ұсынымдар ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы, Қоғамдық комиссия төрағасы Руслан Желдібайдың атына 2025 жылғы 10 маусымға дейін жолдануы тиіс.

Мекенжай: 010000, Астана қ., "Ақорда" резиденциясы
Жұмыс күндері құжаттар "Үкімет үйінде" (Астана, Мәңгілік ел даңғылы, 6) сағат 09:00-15:30 аралығында (түскі үзіліс 13:00-14:30), сенбі күні 10:00-11:00 аралығында қабылданады.

Мемлекеттік органдар тек электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы ұсыным жолдай алады (электрондық тасымалдағыштағы қосымшалардан бөлек).

Байланыс нөмірлері:

Жалпы ақпарат бойынша:
+7 (7172) 74-40-85, 74-41-34, 74-40-51

Құжаттарды қабылдау бойынша:
+7 (7172) 74-57-10, 74-56-32

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу