Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды

1825

ҚР Премьер-Министрінің м.а. Ә. Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Президенттің берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды

ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың осы жылдың басынан берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды. Кеңеске орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, "Атамекен" ҰКП, ұлттық компаниялар мен холдингтердің басшылары қатысты.

Кеңесті бастамас бұрын елде орын алған тәртіпсіздіктің құрбандарын еске алу үшін бір минуттік үнсіздік жарияланды. Ә. Смайылов биылғы жыл өте күрделі және қайғылы оқиғалармен басталғанын айтты. Қазақстан бұрын болмаған деструктивті күштердің агрессиясына тап болды. Ең үлкен мегаполис Алматы мен көптеген облыс орталықтары террористер мен бандиттердің соққысына ұшырады.

Ә. Смайылов қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып: "Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың уақытылы және батыл іс-қимылдарының арқасында біз тәртіпсіздіктің, заңсыздықтың таралуын тоқтатып, құқық тәртібін қалпына келтіре алдық. Өкінішке орай, адамдар зардап шегіп, жараланды, түрлі жарақаттар алды. Біз оларға тезірек сауығып кетулеріне тілектеспіз. Ең өкініштісі, азаматтарымыздың арасында қаза болу жағдайлары орын алды. Тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіру нәтижесінде полиция мен әскери қызметшілер мерт болды. Біз олардың Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын сақтау жолындағы ерліктерін мақтан тұтамыз", – деді.

Қазіргі жағдай және қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов, Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Бейбіт Атамқұлов, Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Бақыт Сұлтанов, Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Юрий Ильин, Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев, Энергетика министрінің бірінші орынбасары Мұрат Жүребеков, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин баяндама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында құрамына арнайы прокурорларды, ҰҚК, ІІМ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қаржылық мониторинг агенттіктерінің қызметкерлерін қоса отырып, ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Бас прокуратура терроризм актілерін жасау, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күштік құрылымдардың жеке құрамы қызмет атқарудың және жоғары жауынгерлік дайындықтың ерекше режиміне ауыстырылды. Үкіметтің төтенше резервінен ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның арнайы бөлімшелерін жарақтандыруға қажетті қаражат бөлінді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде күштік құрылымдардың қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына материалдық көмек көрсету бойынша шаралар қабылдануда. Азаматтарға зардап шеккендер мен хабар-ошарсыз кеткендер туралы ақпарат беру үшін 1414 Бірыңғай байланыс орталығы базасында тікелей желі ұйымдастырылды. Тәртіпсіздіктер салдарынан келтірілген залалды бағалау жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. "Атамекен" ҰКП кәсіпкерлерден тиісті ақпаратты жинауды жүзеге асыруда. Алматы қаласын қоспағанда, өңірлердегі барлық коммуналдық қызметтер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеуде. Шұғыл көмек көрсететін медициналық ұйымдар жұмыс істеп тұрған Алматы қаласын қоспағанда, республика бойынша барлық денсаулық сақтау нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Екінші деңгейлі ірі банктердің ұялы байланыстың болуымен жұмыс істейтін онлайн-сервистеріне қолжетімділік қалпына келтірілді. POS-терминалдар мен банкоматтар желісінің жұмысы қамтамасыз етілді. Қазақстан қор биржасының, Ұлттық Банктің Қазақстандық банкаралық есеп айырысу орталығының сауда жүйелерінің және елдің қаржы жүйесінің басқа да инфрақұрылымының штаттық режимде жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Еліміздегі дипломатиялық миссиялардың нысандарын күзету күшейтілді. Шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен тұрақты байланыс қамтамасыз етілген.

ҚР Премьер-Министрінің м.а. Ә. Смайылов Мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Ә. Смайылов сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету, "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құру мәселелерін пысықтау, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау тәртібі мен тетігін әзірлеу жөнінде тапсырма берді.

"Азаматтардың барлық сындарлы өтініштерін мұқият зерделеп, олар бойынша қажетті шешімдер әзірлеу керек. Барлық орталық және жергілікті атқарушы органдар, "Атамекен" ҰКП екі апта мерзімде халық көтерген мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігіне жіберуі тиіс", – деді Ә. Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу