Президенттің Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайды

433

Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартқан. 

Президенттің Салық кодексін әзірлеу барысына көңілі толмайды Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Енді бюджеттің кіріс бөлігіне келейік. Қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерім болуын қамтамасыз етуі керек. Алайда, бизнес қауымдастығында бұл құжат, ең алдымен, салық мөлшерлемесін өсіруді көздейді деген пікір қалыптасып отыр. Қазақстанда түпкі мәні өзгеріп кеткен қосылған құн салығының өзін реформалау қажет. Оны 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру мәселені шешпейді. Сарапшылар қосылған құн салығын көтеру көлеңкелі экономиканың үлесін арттырып, инфляцияның өсуіне әкеп соқтыруы ықтимал деп орынды пікір білдіріп жатыр", - деді Президент.

Оның сөзінше, бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін.

"Бұрынғы Үкімет Ұлттық қордан бөлінетін трансферттің орнына салықты көтеріп, қазынаға қосымша қаржы түсіреміз деген уәжді алға тартатын. Жаңа Салық кодексін әзірлеу барысына Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу