Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Татарстан Президенті Рустам Миннихановпен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz БОРТ №1 телеграм каналына сілтеме жасап.
Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында жүзеге асыруға, еліміздің зауыттарын Ресей Федерациясының өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді.
Сонымен қатар "КАМАЗ" және "Татнефть" компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысы қарастырылды. Кездесуге бұл компаниялардың да басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа ілтипат білдіре отырып, өзінің Татарстанға барған сапарын айрықша ықыласпен еске алды. Оның нәтижелері ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресеймен көпжақты қатынастарында маңызды орын алатын қазақ-татар байланыстарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
2021 жылдың қорытындысы бойынша Республикамен арадағы тауар айналымы 423 миллион доллар болды. Биылғы төрт айдың ішінде 143 млн долларға жетті. Машина жасау саласындағы ірі жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумы ынтымақтастықты кеңейтуге жақсы мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Рустам Минниханов Петербург халықаралық экономикалық форум аясында кездесуге мүмкіндік туғызғанына ризашылығын білдіріп, татар компанияларының қазақстандық серіктестерімен ықпалдастық орнатуына қолдау көрсетіп жатқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Еске сала кетер болсақ, Президент Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынға қатысу үшін Санкт-Петербургке келген болатын.