ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге азаматтарға әкелінген шетелдік автокөліктерін өздері үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізуде, сондай-ақ оны жүргізу тетіктері әзірленуде.
"2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген (кірген) барлық көлік құралдары бойынша Ішкі істер, Мемлекеттік кірістер және Ұлттық қауіпсіздік органдары (Шекара қызметі) арасында ақпарат алмасу мәселелері пысықталды. Мұндай автокөліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды", – деп жазылған хабарламада.
Айта кетсек, 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан, сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастыруға жатпайды.
Сондай-ақ "криминалдық" автокөлікті тіркеуді болдырмау мақсатында көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылатын болады.