"Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қаржыны басқару, инфляцияға қарсы әрекет ету, кәсіпкерлікті дамыту, өңірлерді теңгерімді дамыту бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді", – деді Әсет Ерғалиев.
Министр мемлекет басшысы 5 жаңа бастама жариялағанын атап өтті.
"Біріншіден, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайту. Екіншіден, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыруға бизнесті ынталандыру үшін реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шеңберінде "ұтымды" шара әзірлеу. Үшіншіден, еңбекақы төлеу қорына жүктемені 2023 жылдан бастап 34%-дан 25%-ға дейін төмендетуді көздейтін микро және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізу. Төртіншіден, жекелеген азаматтық қызметкерлердің жалақысын 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20%-ға арттыру. Бесіншіден, зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында "Отбасы банктің" есепшотына аударуға мүмкіндік беру", – деді Әсет Ерғалиев.
Қанат Махамбет