Пригожин бірінші рет "өліп" тұрған жоқ

4734

"Вагнер" ұйымының жетекшісі Пригожиннің жеке ұшағына жарылғыш зат қойылған болуы мүмкін.

Пригожин бірінші рет "өліп" тұрған жоқ Фото: Ашық дереккөзден

Тергеушілер: "осы ықтимал нұсқалардың бірі" деп отыр. Ал кей телеграм каналдар Вагнер жетекшісінің жеке ұшағы ұшар алдында жөндеуде тұрған деген мәліметтін бір ұшын шығарды. Қазір әлем Пригожинның ажалы кімнен болды деп бас қатырып отыр. Қызығы, ойлары бір жерде тоғысады.

Гүл шоғы, майшам және ажал құшқан Пригожиннің суретін қойып, жақтастары жоқтап жатыр. Кешелі бері батыс басылымдарының бірінші бетінен де Вагнер басшысының фотосы түспеді. Әлемдік сарапшылар осы тақырыпты талқылаудан әлі жалыға қоймады. Телеарналар да күн жаңалығынан түсірмей тұр. Айналып келгенде бәрінде бір сұрақ. Вагнердің көзін құртуға кім құмартты? Әзірге екі нұсқа айтылып отыр. Бірі Ресейдің әуе қорғанысы күштері атып түсірді дейді. Бұл ең ықтимал әрі көп айтылған нұсқа. Өзгелері ұшақ бортында жарылғыш зат болуы мүмкін деген ойды алға тартты. Қазір тергеушілер осы нұсқаны ұсынып отыр. Алайда сарапшылар мұнымен келіскісі жоқ.

"Айта кетейік Пригожин бүлік бастаған кезде Ресей президенті пригожинның ол әрекетін отанға мемлекетке сатқындық, сатқындықты кешіруге болмайды деген комментариймен түйіндеген. Шын мәнісінде Пригожиннің апатқа ұшырап, қаза табуының басты себебі осы болса керек. иә Пригожинге көз алартып жүрген олигархиялық кландардың арасында, тікелей басшылықтың арасында аз емес. десе де, дәл қазіргі уақытта Пригожинге шамасы жететін. Дәл солай кек ала алатын мүмкіндік жалғыз Кремль басшылығында", - дейді саясаттанушы Нұргелді Әбдіғани.

Әлем қозғалса да, әзірге Мәскеу қозғалмады. Вагнер жетекшісінің өліміне қатысты Путин жақ ашпады.Осыдан екі ай бұрын Пригожинді бүкіл әскерімен қамқорлығына алған Лукашенко да ләм-мим демеді. Тек теңіздің ар жағындағы Джо Байден тек жатпады.

"Таңғалған жоқпын. Ресейде кез-келген оқиғаның артында Путин тұрады ғой. Бірақ менің қолымда нақты жауабын айтатындай ақпарат жоқ", - дейді АҚШ Президенті Джо Байден.

Америка Президенті бір ай бұрын марқұм Пригожинге сақ бол деп ескерткен. Байден Финляндия президентімен бірге өткізген баспасөз конференциясында "Мен оның орнында болсам, не ішіп, не жегеніме абай болар едім" -деген болатын. Пригожин сақтануындай сақтаныпты. Әдетте ұшағы мен төлқұжаттарын жиі ауыстырып, аңдушыларды жаңылыстырып отырған. Олай өмір сүруге оның дәулеті жететін. Бірақ бұл жолы қара басты дейді сарапшылар .

"Бұл жолы арнайы қызмет жіті бақылаған сияқты. Пригожинның сыңары болса да, олар жақсылап тексеріс жүргізіп отыруы мүмкін. Путин шешім қабылдаған соң, оның арнайы қызметі жақсы қамтамасыз етілген шамасы. Сондықтан қателікке жол берілмейді", - дейді әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов.

Пригожинның жеке ұшағы әуеге көтерілген соң шамамен жарты сағаттан кейін күрт құлдилаған  Оқиға кешкі сағат алтыдан кете болды. Сол-ақ  екен Росавиация бортта болған он адам тіл тартпай кетті деген ақпаратты тез таратты. Вагнер жетекшісінің мүрдесін көрмей жатып, өлдіге балады. Тіпті википедия ажал құшқан күнін жазып үлгерді. Бірақ көбі сенбеді. Себебі 2019 жылы да ұшақ апатынан опат болғаны туралы жалған ақпарат тараған. Сондықтан Пригожин бірінші рет өліп тұрған жоқ.

Оның ғұмырнамасын қысқаша қайырсақ. Бұрын түрмеде отырған, Санкт-Петербургте мейрамхана бизнесін дамытып, Кремльмен тиімді шарттар жасасқан, кейін "Вагнер" әскери тобын құрып, Украинаға қарсы соғыста маңызды тұлғаға айналған. Уақыт өте ұстанымын өзгертіп, осы жылдың маусым айында Ресей үкіметіне қарсы қарулы қақтығыс жүргізді. Мәскеуге бірнеше жүз шақырым қалғанда Пригожинмен "келісім жасалып", оның кері қайтарған. Путин бұрынғы аспазшысының сол жасаған жорығына кектеніп қалғаны айтылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу