Прокуратура 47,5 млрд теңгелік инвестициялық жобаға кедергі болған дауды шешті

401

Солтүстік Қазақстанда прокуратураның араласуымен инвестор мен жер пайдаланушы сотқа жүгінбей келісімге келді.  

Прокуратура 47,5 млрд теңгелік инвестициялық жобаға кедергі болған дауды шешті Фото: nalog.gov.ru

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау аудандық прокуратурасы құны 47,5 млрд теңге болатын "Баян" вольфрам кен орнын игеру жобасының жүзеге асуына қауіп төндіруі мүмкін даудың шешілуіне ықпал етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Прокуратураның мәліметінше, жобаны "Ресурс-2018" ЖШС іске асырып жатыр. Қазір нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.

Инвестициялық жобаны сүйемелдеу барысында прокуратура "Ресурс-2018" ЖШС мен "Саумалкөл Агро" ЖШС арасында келіспеушілік туындағанын анықтады. Геологиялық барлау жұмыстары кезінде мердігер ұйым егістік алқапқа зақым келтіріп, нәтижесінде 640 мың теңге көлемінде шығын келген.

Прокуратураның бастамасымен өткен жұмыс кездесуінде тараптар ортақ мәмілеге келді. Инвестор келтірілген шығынды толық өтеп беруге келіскен. Өз кезегінде жер пайдаланушы компания инвесторға ешқандай талабы жоқ екенін растады және қосымша келісілген екі жер учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыруға келісімін берді.

Нәтижесінде дау сотқа жеткізілмей шешіліп, ірі инвестициялық жобаның әрі қарай жүзеге асуына кедергі келтірген мәселе толықтай реттелді.

Прокуратураның хабарлауынша, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың жұмысына кедергі келтіретін әкімшілік-құқықтық мәселелерді жедел шешу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу