Бас прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиевтің төрағалығымен инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін енгізу мәселелері бойынша кеңесі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Талқылауға Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Арман Ақсубаев, "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарушы директоры Әлжан Естемесов, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс режимінде өңір прокурорлары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиында инвестициялық жобаларды инвестордың алғашқы өтінішінен бастап нысанды пайдалануға бергенге дейінгі барлық кезеңде сапалы құқықтық сүйемелдеу, сондай-ақ жобаларды инвесторлар тізіліміне уақытылы қосу мәселелері қаралды.
Мемлекеттік органдардың шешімдеріне "прокуратура сүзгісі" механизмі арқылы мониторинг жүргізуге, дауларды сотқа дейін реттеуге және жүйелі әкімшілік кедергілерді, соның ішінде жер учаскелерін беру, техникалық шарттарды алу және инфрақұрылымға қосылу мәселелерін жоюға ерекше назар аударылды.
"Біздің басты міндетіміз – инвестициялық жобаларды сүйемелдеу кезінде барлық мемлекеттік органдардың нақты әрі жүйелі іс-қимылын қалыптастыру. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде әрбір қатысушының рөлі мен жауапкершілік аясы нақты белгіленуі тиіс", – деді ол.
Өңірлердегі прокурорлар үшін бірыңғай және түсінікті іс-қимыл тәртібін қамтамасыз ету мақсатында инвесторларды сүйемелдеу әдістемесі әзірленді. Ол жұмыстың кезең-кезеңімен орындалу алгоритмін, үйлестіру тетіктерін және ден қою құралдарының тізбесін бекітеді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы бұл әдістеме инвестициялық жобаларды іске асыру кезіндегі тәуекелдер мен формальды көзқарасты болдырмауға бағытталғанын айтты.
"Біздің міндетіміз – инвестициялық жобалардың әкімшілік рәсімдерде тежелуіне жол бермеу. Инвестор алғашқы күннен бастап мемлекет заңдылықты, оның инвестициясының қорғалуын және жобаның барлық кезеңінде сүйемелдеуді қамтамасыз ететінін түсінуі керек", – деп түсіндірді комитет төрағасы.
Ол қадағалау органдары жұмысының негізгі принципі – мәселелерді анықтау және оларды сотқа дейін шешу екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша ведомствоаралық іс-қимылды күшейту, инвесторлармен коммуникацияны жақсарту және олардың құқықтарының бұзылуы туралы келіп түскен өтініштерге жедел ден қоюды қамтамасыз ету тапсырылды.