Атырау облысы прокуратурасы мемлекеттік кірістер органдарының қызметінде салық берешектерін өндіру бағытындағы қабылданған шаралардың толықтығына тексеру жүргізіп, нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды прокуратураның баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, салық органдары мекемелердің мүліктеріне уақтылы шектеу қоймайтыны, банктік шығыс операцияларын тоқтату туралы шешімдерді кешіктіріп қабылдайтыны, мүлік тізілімдерін жасақтамайтыны, дебиторларды анықтау жұмыстарын жүргізбейтінін анықтады.
Енгізілген қадағалау актісі бойынша 363 млн теңге салық төлемдері өндірілді, оның 163 млн теңгесі - дебиторлардың берешектері, 200 млн теңгесі - мүлік салықтары.
Салық берешектерін өндіру және олардың уақтылы түсуін қамтамасыз етпеген 3 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, 2 құжат облыс прокуратурасының арыздарды есепке алу кітабына төлем қабiлетсiздiгiне дейiн жеткiзу фактісімен тіркелді (ҚР ҚК-нің 239-бабы). Экономикалық тергеу қызметі тергеп тексеру жүргізуде.