ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басқарма бастығы Бекжан Қараманов референдум өткізуде заңның сақталуы және сайлау учаскелерінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету туралы баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Дауыс беру процесі құқықтық алаң аясында өтіп жатыр. Референдум комиссиялары мен мемлекеттік органдар тарапынан бұзушылықтар тіркелген жоқ. Референдум туралы жолданымдарға келсек, соттар мен прокуратура оларды бүгін дереу қарайтын болады. Жалпы прокуратура органдарына биылғы 6 қазанға дейін 9 жолданым келіп түсті. Бұл сауалнама жүргізу, үгіт-насихат және дауыс беру мәселелеріне қатысты болды. Барлығы бойынша заңға түсіндірме берілді", - деді Б. Қараманов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Спикер бүгін яғни дауыс беру күні үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынғанын атап өтті.
"Сондай-ақ сауал салу нәтижелерін масс-медиа мен онлайн платформаларда жариялауға жол берілмейді. Мұндай сауалнамаларды учаскелік комиссияларға дауыс беру үй-жайларында да жүргізуге тыйым салынды. Осы талаптарды сақтамау Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102 және 120-баптары бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Қазіргі таңда мұндай фактілер туралы хабарлама түскен жоқ", - деді Бас прокуратура өкілі.