әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесуде ҚР бас прокуроры Жақып Асанов осылай деді.
Ол жұмысқа кіріскенде кадр таңдау мәселесіне баса назар аударғанын тілге тиек ете келіп: "Жастар арасында сауалнама жүргіздік. Студенттердің 95%-ы танысың, ағаң, көкең болмаса прокуратураға тұру мүмкін емес деп жауап берді. Біз осы көзқарасты өзгерттік. Қазір прокуратураға ағасыз, көкесіз жұмысқа тұруға болады. Осыған дейін 2 байқау өтті. 2 мың үміткердің ішінен 126 адамды қызметке қабылдадық. Оның 21-і, яғни әрбір алтыншысы, осы университеттің түлегі. Сондықтан сіздерді құттықтаймын! - деді Ж. Асанов.
Басқосу барысында Ж.Асанов жастармен тәуелсіздік жетістіктері тұрғысында ойы бөлісті. Ол егемендіктің қадірі, шекара мәртебесі және Астананың қарыштап дамуы жастардың қолындағы басты байлық екенін шегелеп айтты. Құрғақ сөз болмас үшін адамдардың қазіргі өмір сүру деңгейін 90-шы жылдармен салыстырды.
"Өмір сүру 67 жастан 72 жасқа ұзарды, бір жылда 350 мың бала туылса, қазір 400 мың бала дүниеге келеді. Бала өлімі 2 есе, ана өлімі 6 есе төмендеді. Ал 1 млн қандасымыз елімізге оралды", - деді бас прокурор.