Атырау қалалық № 2 сотында прокурор Лаура Асанова облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп жазады inbusiness.kz AtyrauPress.kz сайтына сілтеме жасап.
"Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Мерзімді өтеу орташа қауіпсіздік мекемесінде анықталсын. Сонымен қатар Хаменова "Құрмет" орденінен айырылсын. Сотталушыда кәмелетке толмаған баланың болуына байланысты жазаны үш жылға дейін кейінге қалдыруды сұраймын", - деді прокурор.
Бұдан бөлек прокурор облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевті орта қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, пара берді деген күдікке ілінген Өміртай Адамовты орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын ұсынады.
Айта кету керек, экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова пара алды деген күдікке ілінген болатын.