Прокурор екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды

1041

Прокурор екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды

Ұлы Отан соғысының ардагері, ақтаулық Даражат Қожановқа облыс прокуроры Дастан Сартаев екі бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Жеңіс мерекесінде өңірдегі қадағалаушы орган жетекшісі ақсақалды құттықтай барып, тұрмыс жағдайымен танысқан еді. Әңгіме үстінде 91 жастағы атайдың әлі күнге дейін мемлекеттен баспана алмағанын естіп, заң шеңберінде көмектесуге уәде береді. Мәселе зерттеле келе қала әкімдігі қызметкерлерінің 2012 жылы кейбір құжаттарда аты-жөні дұрыс жазылмауына байланысты майдангер өтінішін қабылдамағаны анықталады. Осыдан соң қала іргесіндегі ауылда тұратын қарияның қағаздарын қысқа мерзімде реттеп, халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруға қол ұшын береді.

Ардагердің жары Шархат Бегімқұлова: "Бәріңізге  алғыс айтамыз, қарақтарым. Осындай үй беріп, бізді марапаттап жатқандарыңызға көп рақмет. Бірінші рет алып отырған үйіміз. Үлкен адамға жақсылық қой", - десе, Маңғыстау облысының прокуроры Дастан Сартаев: "Барлығын заң аясында қарадық. Шынында да бес жылдан кейін бұл кісіге пәтер беруге заң түрінде мүмкіншілік бар екен. Облыс әкімі шұғыл осы мәселені қарап, екі айға жетпей мәселені шешті. Бүгін жақсы, сәтті күн болып жатыр. Ағамыздың үйіне келіп, екі бөлмелі пәтерді әкімшіліктің атынан тапсырдық. Жаңа үйіне кіріп шықтық, ағамыздың қуанышында шек жоқ", - деді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу