Бас прокуратура кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Заңға бағынатын кәсіпкерлік субъектілерін негізсіз тексерулер мен қудалаулардан қорғау прокуратура органдарының қадағалау қызметінің маңызды басымдығы болып табылады", – деп жазылған хабарламада.
2022 жылдың мамыр айынан бастап прокурорлар кәсіпкерлерге қатысты басталған барлық сотқа дейінгі тергеулерді тексерді. Осы кезеңде экономикалық саласына қатысты 360-тан астам қылмыстық іс тоқтатылды.
2022 жылғы 2 қыркүйекте Бас Прокурор қылмыстық қудалау органдарына кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулерді тіркеу тәртібін егжей-тегжейлі реттейтін арнайы нұсқама жолдады.
Сондай-ақ жаңадан "Қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық" қабылданды, оған сәйкес прокурорлар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын бір тәулік ішінде тексеруі керек.
"Жаңа талаптар айтарлықтай оң нәтиже берді", - деп атап өтті Бас прокуратура.
Егер бұған дейін ел бойынша ай сайын кәсіпкерлерге қатысты 150-ге жуық іс қозғалса, қазір олардың саны 2,5 есеге азайған.