Оңтүстік Кореяның арнайы прокурорлар тобы бұрынғы президент Юн Сок Ёльге бірнеше айыптар бойынша 10 жыл түрме жазасын беруді сұрады. Бұл туралы Yonhap агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокуратура билік органдарының қызметіне кедергі жасағаны үшін бұрынғы басшыны бес жылға соттауды ұсынды. 2024 жылғы қаңтарда Юн Сок Ёль президенттік күзет қызметіне өзінің тұтқындалуына қарсылық танытуға нұсқау берген. Министрлер кабинеті мүшелерінің құқықтарын бұзғаны үшін тағы үш жыл қосып беру ұсынылды. Желтоқсан айында әскери жағдай енгізуге арналған жиналысқа барлық министр шақырылмаған. Экс-президент Юн Сок Ёльге жалған ақпарат таратты және айғақтарды жоюға әрекеттенді деген айып тағылды.
Прокурорлар қосымша екі жыл түрме жазасын әскери жағдай жариялау декларациясын дайындауға байланысты сұрап отыр. Юн Сок Ёльдің мемлекеттік органдарды жеке мүддесі үшін ырқына көндіруге тырысқаны белгілі болды. Адвокаттар осыған қатысты үкім негізгі іс бойынша сот процесінен кейін шығуы тиіс деген пікірде.
Алғашқы айыптаулар бойынша үкім 16 қаңтарда шығады деп күтілуде. Юн Сок Ёльді тергеу изоляторында ұстау мерзімі 18 қаңтарда аяқталады. Бұрынғы президент тағы үш ірі іс бойынша айыпталушы ретінде танылған.