"Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Жамбыл облысы прокуратурасында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің, жергілікті атқарушы, арнайы және құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен үйлестіру кеңесі өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жаңа оқу жылы басталғалы өңірде бірнеше резонансты қылмыстар тіркелді. Бұл полиция мен уәкілетті органдардың алдын алу жұмыстарының формалды әрі жеткіліксіз жүргізіліп отырғанын көрсетті.
Осыған байланысты облыс прокурорының тапсырмасымен арнайы ведомствоаралық мобильді топ құрылып, мектеп оқушылары арасында буллинг пен бопсалаудың жаңа фактілерін анықтады.
Мониторинг нәтижесінде "тәуекел тобындағы мектептер" белгіленіп, олар полиция мен әкімдік қызметкерлерінің күнделікті бақылауына алынды.
Балалар арасындағы суицид мәселесіде жеке қаралды.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жасөспірімдер арасында "қылмыстық романтиканың" таралуына ерекше назар аударды. Бұл мәселеге жол бермеу мақсатында прокурорлар "тәуекел тобына" кіретін тұлғаларды анықтап, олармен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды.
Істерді тергеу әдістерін қайта қарау арқылы суицид себептері нақты анықталды. Негізгі себептер: отбасындағы қиын қатынастар, жасөспірімдік эмоциялар, құмар ойындардан туындайтын қаржылық проблемалар.
Мұндай санаттағы істерді мұқият тергеу барысында бір мектептің оқушысы жүйелі түрде қорқытып-үркіту мен еңбекке мәжбүрлеу салдарынан өзін-өзі өлтіруге жеткізілген бір жағдай анықталды. Тергеу нәтижесі бойынша 3 тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев превентивті шаралардың жаңартылған тетігін ұсынып, оған аудан және ауылдық округ әкімдерін, білім саласы басшыларын, оқу орындарының директорларын және жергілікті психологиялық қолдау қызметін тікелей тартып, профилактика сапасы үшін жеке жауапкершілікті жүктеуді атап өтті.