33 мыңнан астам бала, ата-ана және педагог психологиялық қолдау орталықтарынан көмек алды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық 20 өңірінде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Олардың қызметі балаларға, ата-аналар мен педагогтерге психологиялық көмек көрсетуге, кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің, зорлық-зомбылықтың және суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.
"2026 жылдың басынан бері орталықтарда 33 мыңнан астам адамға консультациялық көмек көрсетілді. Олардың қатарында 19 мыңға жуық бала, 10 мыңнан астам ата-ана және 4,3 мың педагог бар. Жеке консультациялармен қатар, орталықтар профилактикалық жұмыстар жүргізіп, білім беру ұйымдарының мамандарына әдістемелік қолдау көрсетеді. Жыл басынан бері мектеп психологтері мен білім беру жүйесінің басқа да мамандарының кәсіби құзыреттерін арттыруға бағытталған семинарлар, вебинарлар мен практикумдарды қоса алғанда, 25 мыңнан астам іс-шара өткізілді", – делінген хабарламада.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, 111 байланыс орталығына суицидтік қауіптер, буллинг, зорлық-зомбылық және балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға қатысты басқа да мәселелер бойынша 2,6 мыңға жуық өтініш түсті.