Осыдан екі күні бұрын Павлодар қаласындағы №14 мектептің оқушысы сабақ үстінде алдыңғы партада отырған сыныптасы мен екеуінің ортасына араша түспек болған математика пәнінің мұғаліміне пышақ сұғып алған болатын. Жарақат алған шәкірт пен ұстаз дәрігерлердің бақылауынан соң амбулаторлық жағдайда ем алуға жіберілді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, сыныптасы мен мұғаліміне жарақат салған бала бұған дейін де психологтар мен мұғалімдердің көмегіне мұқтаж болған. Бірақ білім ордасындағы қызметкерлер, мектеп басшылығы мұны мүлде назарға алмаған. Сол сияқты жасөспірімнің мектепке пышақты қалай алып кіргенін де ешкім байқамаған. Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығындағы білім беру нысандарының қауіпсіздігіне арналған жиын барысында мәлім етті.
"Айта кетерлігі, бұл білім беру мекемесі бұрын да террористік лаңкестікке бейім нысан ретінде тексерілген. Оның күзетіне қатысты маңызды ескертулер жасалған, бірақ ешкім кемшілікті жоймаған. Өкінішке орай, мұндай жағдай қаладағы тек осы мектепте ғана қалыптасқан жоқ. Бейнебақылау камераларының жұмысына қатысты мәселелер бар. Бізге ұнамайтыны – мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зейнеткерлік жасқа дейінгі және зейнет жасындағы қарт күзетшілерді тарту үрдісі қалыптасқан. Мектеп директорлары мен білім саласындағы шенеуніктердің оқушылармен болған келеңсіздіктерді жасыру әрекеттері бар", - деді қала әкімі.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ оларға қарсы қылмыстардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың бірлескен, нақты үйлестірілген жұмысы да жоқ екенін сынға алды. Сондықтан білім беру бөліміндегі қорғаншылық және қамқоршылық қызметінің штатын кеңейтіліп, қолайсыз отбасылар мен агрессия танытатын балаларды прокурорлар бақылауға алатын болады.