Псков облысында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай XV Халықаралық Жастар "Невель майданы. Мәншүк Ерлігі-2022" естелік вахтасы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шарада Псков облысы губернаторының бірінші орынбасары Вера Емельянова аймақ басшысы Михаил Ведерниковтың құттықтауын оқыды, онда Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас бізді Мәншүк пен біртұтас үлкен Отанды қорғаған барлық қаза тапқан жауынгерлердің алдында басымызды иуге міндеттейді делінген.
Қазақстан Республикасының Санкт-Петербургтегі Бас консулы Бауыржан Досманбетов Ұлы Отан соғысы жылдарында 500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болғанын, ал Мәншүк Мәметова осы құрметті тізімде республикадан шыққан алғашқы қыз болғанын, оның ерлігі батылдық пен батырлықтың үлгісі екенін еске салды.
Салтанатты шараға қатысушылар Мәншүк Мәметованың жерленген жері мен ескерткішіне, сондай-ақ қазақ жауынгерлері Әбілқайыр Баймулдин мен Ыбырайым Сүлейменовтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, тақырыптық көрмелерді аралады, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің және туған өлкенің, өз отбасының тарихын зерделеудің маңыздылығын талқылады.
Естелік вахтасы соңғы жылдары рекордтық 300-ге жуық іздеушілерді біріктірді. Невель ауданындағы Волоченец көлінің жағасында шатырлы қала салынды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда қанды шайқастар өтті. Вахтаға қатысушылар іздестіру жұмыстарымен айналысады, жасы кішілер үшін "Жас іздеуші мектебі", Отан тарихы, спорттық және әскери-қолданбалы дайындық сабақтары, мұражай көрмелері ұйымдастырылады. Естелік вахтасы 10 тамызға дейін жалғасады. Оның қорытындысы экспедиция кезінде сүйегі көтерілетін жауынгерлерді жерлеу рәсімі болады.
Мәншүк Мәметова 1922 жылы 23 қазанда дүниеге келген. 1942 жылы өз еркімен майданға аттанып, 100-ші қазақ атқыштар бригадасының (1943 жылдың 8 желтоқсанынан 1-ші атқыштар дивизиясы) құрамына алынды. Бастапқыда ол штабтың кеңсе қызметкері, кейін далалық госпитальде медбике болып тағайындалды, кейін ол алдыңғы шепке ұмтылып, атқыштар бөліміне ауысты.
1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат ету жолындағы ауыр шайқаста Мәншүк Мәметова басынан ауыр жараланып, жаудың 70 жауынгерін жойып, ерлікпен қаза тапты. Невель қаласында жерленген. 1944 жылы 1 наурызда Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.